«Билікте ұят жоқ…». Қазақ Қуат «Найманның» қадірін білмей жүр

 

Біздің елімізде биліктен қорықпай ащы шындық айтатын спортшылар бар ма? Әрине, жоқтың қасы. Олардың басым көпшілігі үлкен спортпен қош айтысқан соң мансап қуалап кетеді. Анығында, спортшылар да сөйлесе болар еді. Елдегі ахуалды айтса, халықтың қажығанын жеткізсе. Кедейшіліктің қысып, қымбатшылықтың діңкелетіп жатқанын сөз етсе, солардың біреу тілін кесе ме? Бұлай ойлаудың өзі біртүрлі бірақ. Бастық болғаннан кейін аузы буылады барлығының. «Естігем жоқ, көргем жоқ» дейтіндердің қатарына қосылады. Билікке барғаннан кейін халықтан алыстайды. Бұл заңдылық. Қазақстан үшін заңдылық.

Назарларыңызға сол ащы шындық айтқыш, өткір тілді, сөз бостандығын емін-еркін қолданатын жауынгерміз Қуат «Найман» Хамитовтың жазбалар жиынын ұсынамыз. 

«Қолымнан бірдеңе келсе, онда бірде-бір қазақтың қызы аттың басындай алтын берсе де қытайға үйленбес еді! 

Қабанбай бабаларымыздың заманында дүниеге келмегінім өкінішті.

Әйтпесе, тіпті, біздің әйелдерімізге үйленуге ойы бар адамның басын алар едім. Ал бұл иттер кезінде кімнен қашқанын және мына ұлы қытай қақпаларын не үшін соққандарын ұмытпасын» 

«Егер жалғыз адам ми батпақты әлемдегі мықты экономикасы бар елге (Сингапур) айналдыра алса, онда неге Құдайдың өзі берген байлыққа толы елде бұл мүмкін болмай отыр? Бізде неге жұмыссыздық көп? Неге қызыл диплом алғандар базар жағалап жүр? Неге әр қазақтың басында баспана жоқ?»

«Меніңше, осы уақытпен өмір сүретін кез келді. 2050 жылды күтудің қажеті жоқ. Мәселені тап қазір, осы жерде шешу керек» 

«Ең бірінші көмегім қарттарды зейнетке ерте шығарар едім, аурухана мен дене тәрбиесі мектептерін тегін жасап, әр жаңа туған нәрестеге 1 миллион теңге, үй салатын жерін, жаңа отбасын құрған жастарға үйін, жұмысын тауып берер едім», – дейді Қуат енді бірде. 

 

«Қазақстан мұнай, газ, алтын, күміс, уран, мыс, көмір қоры бойынша әлемнің алдыңғы 5-тігіне кіреді.

Анығында, «Алға Қазақстан» деп айғайлайтындар патриот емес, халқының мұң-мұқтажын жан-тәнімен сезінетін адамдар патриот»

Бұл Қуаттың аузынан шыққан отты пікірлердің бір парасы ғана. Қарапайым ғана. Қиындатып отырған дәнеңесі жоқ. Халыққа қажетті, халыққа жақын дүниелерді сөз етіп отыр. Қуаттан өзге қай спортшы өстіп айтты? Жоқ, олар айта алмайды. Айтқысы келмейді. 

Мінезсіз өйткені. 

Халықтан алыс болғанды қалайды. Мансапқұмарлыққа ұмтылатыны содан.

 

«Алға Қазақстан» дегеннен әріге аспайды олар. Бар айтары сол олардың. «Алға Қазақстан… Жеңісімді елбасыма арнаймын... Барлығы елбасының арқасы». Алға баса алмай жатпағанымыз анық, негізінде.

Ал Қуаттың қадіріне жетпей жүрміз. Бағаламай жүрміз. Бағаланбай өтуі де мүмкін…

 

 

Авторы: Думан БЫҚАЙ