«Қазақстан барысының» биылғы жеңімпазы 25 млн теңге алады

«Қазақстан барысы» турнирі биыл 8 маусымда «Барыс-Аренада» өтеді. 

«ҚР Ұлттық олимпиада комитеті жалпы ұлттық спортты қолдайды. Соның ішінде Қазақ күресіне ерекше көңіл бөлеміз. «Қазақстан барысы» жобасын да қолдаймыз. Жақында Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев Лозаннада Халықаралық күрес федерациясының басшысымен кездесіп, Халықаралық Қазақ күресі федерациясын мүшеліккке енгізу мәселесін қозғап, сол жақтан қолдау тапты. Менің ойымша, бұл өте керек нәрсе. Болашақта да біздің ҰОК «Қазақстан барысы» турниріне қолдау көрсете береді», - деді Ұлттық олимпиада комитетінің спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Турнирді өткізуге біршама бизнесмен-меценаттар қолдау білдіріп отыр. Соның бірі - «Орда инвест» корпорациясының басқарма төрағасы Шалқарбек Талипов әрүрлі федерациялармен бірге Қазақ күресі федерациясына да алдағы уақытта қолдау көрсетілетінін атап өтті.

ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораевтың айтуынша, осымен тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 6 маусым, сағат 19.00-ге белгіленген.

«Қазақстан барысы» турнирі 8 маусымда 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталмақ. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарланған. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар концерттік бағдарлама мен керемет шоу өтеді. «Қазақстан барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры қомақты - 40 млн теңге», - дейді ол.

Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ», 25 млн теңге сыйақы табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар, әр белдесудегі жеңіске 100 мың теңгеден беріледі. Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады.

«Келесі жылдан бастап бір облыстан бір ғана балуан қатысатын болады. Оны ұпай, рейтинг арқылы анықтаймыз. Кей облыстарда қазақ күресі жақсы дамыған. Кейбір облыстардың деңгейі онша емес дегендей. Биыл Қостанай облысында «Қазақстан барысына» балуандарды іріктеу өтті. Өте шалағай... Жарыс өте төмен деңгейде ұйымдастырылған. Сол облыстың әкімінің құлағына алтын сырға. Ал Қызылорда, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында «сен тұр, мен атайын» деген балуандар көп. Рейтинг бойынша оларға жарысқа қатысуға мүмкіндік береміз деп ойлаймын. Ал рейтингте жоғары ұпай жинау үшін күнтізбеміздегі сайыстарға қатысу керек. Сонымен қатар, біз қазақ күресінің сапасын көтереміз деген ойдамын», - деп түйіндеді сөзін Арман Шораев.