61 жасында 875 шақырымды ұйқысыз бағындырған

1983 жылы 61 жастағы фермер 875 шақырымды бағындырып, Аустралияның халық қаһарманына айналды.

Оқиға былай болған. Сол жылы Сиднейден Мельбурн қалаларын жалғаған супермарафон өтпек болды. Кәсіпқой спортшылар 875 шақырымды 5 күнде бағындырады деп жоспарланған. Әлемдік деңгейдегі марафоншылар айтулы шараға арнайы дайындалып, жаттығады. Жас 30-дан аспаған, ірі спорттық брэндтер демеушілік танытқан спортшылар әр күні 18 сағат жүгіріп, 6 сағаттан ұйықтап отыруы қажет еді.

Жарыс басталар күні сөреге жиналған жұрт аң-таң болды. 61 жастағы Клифф Янг есімді қария марафонға қатысуға ниет білдірді. Бастапқыда оны жәй ғана көруге келген жанкүйер болар деп топшылаған. Алайда үстіне жұмыс киімі мен аяғына галош киген фермер қатысушы нөмірін алып, сөреге бет алған.

Клифф марафонға 64-ші болып тіркеліп, өзге атлеттермен бір қатарға тұрғанда жарыстан репортаж жасап жүрген түсіруші топ қариядан сұқбат алды:

- Сәлем! Сен кімсің? Бұл жерде не істеп жүрсің?

- Есімім Клифф Янг. Мельбурнның маңында жайлауда қой бағамыз. 

- Шынымен де жүгіруге бел будыңыз ба?

- Иә.

- Демеушіңіз бар ма?

- Жоқ.

- Онда сіз мәреге жете алмаймыз.

- Жоға, қолымнан келеді. Осы күнге дейін өзіме жылқы не көлік алуға жағдайым жетпеді. Тек осыдан 4 жыл бұрын ғана көлік міндім. Дауыл тұрғанда қойларды қайтару үшін шығатынмын. Бізде 2000 акр жайылымда 2000 қой жайылып жүретін. Кейде қойларды 2-3 күндеп іздейтінмін. Қиын болса да бірін қалдырмай қайтарып келетінмін. Жарыс тек 2 күнге артық. Бар болғаны 5 күнге созылады. Қолымнан келеді - Бұл жарыс алдындағы Клифф Янгтың сұқбаты.

Марафон басталғанда кәсіпқой спортшылар Клиффті шаң қаптырып, біршама шақырым алысқа кетіп қалды. Галош киген, ешқандай қажетті жабдығы жоқ фермер мойымай соңына дейін жүгіруге тырысты. Кәсіпқойлар 875 шақырымды қиындықсыз бағындыру үшін 18 сағат жүгіріп, 6 сағат ұйықтап отырады. Ал Клифф Янг бұл жайлы білмеген. 

Клифф алғашқы күнді ұйқысыз өткізді. Mittagong қаласына келгеннің өзінде тоқтамай, түні бойы жүгірген. Алайда алға кеткен марафоншыларға дейін әлі біраз жер бар еді.

Күн өткен сайын Клифф көш басындағыларды қуып жетіп отырды. Ал соңғы күні ең мықты деген марафоншыларды озып, таңда олардан біршама алысқа кетіп қалды. Осылайша Клифф супермарафонды тек ұйқысыз ғана өткізбей, рекордты 9 сағатқа жаңартты. Ол 875 шақырымды 5 күн, 15 сағат, 4 минутта өткен. 

Мәреге жеткеннен соң Клифф Янг барлық жүлдеден бас тартты. Ол $10,000 көлеміндегі сыйақысын өзінен кейін келген 5 марафоншыға теңдей бөліп берді. Клиффтің айтуынша, ол марафонға ақша үшін қатыспаған. Супермарафонды 61 жасында жеңіп алған Клифф Янг осыдан кейін Аустралияның нағыз қаһарманына айналды.