«Монако» – Qazsport-тің сүйікті командасы

Qazsport телеарнасына жанкүйерлер тарапынан айтылатын сын аз емес. Аталған арнаның соңғы жылдардағы жұмыс істеу бағыты көрермен көңілінен шығып жүрген жоқ. 

Бәріміз білеміз, биыл наурыз айынан бастап Qazsport Еуропаның бес ірі чемпионатын көрсетіп жүр. Әр апта сайын Англия, Испания, Италия, Франция және Германия чемпионаттарынан бір ойын көрсетеміз дейді өздері.

Ал енді мына қызыққа қараңыз, наурыз айынан бері Qazsport эфирінде ең көп көрсетілген команда франция чемпионатында бақ сынайтын «Монако» екен. Қазақстандық жанкүйерлер «Монако» командасының қатысуымен 6 бірдей ойынды тамашалапты. Cалыстыру үшін айтсақ, Еуропаның алпауыттары «Реал» мен «Барселонаның» өзі Qazsport эфиріне төрт реттен ғана шыққан екен.

«Анже» – «Монако» - 2 наурыз
«Монако» – «Бордо» - 9 наурыз
«Монако» – «Реймс» - 13 сәуір
«Монако» – ПСЖ - 21 сәуір
«Монако» – «Марсель» - 15 қыркүйек
«Реймс» – «Монако» - 21 қыркүйек.

Ендеше, Qazsport-тің сүйіктісі «Монако» қандай команда? «Монако» футбол клубының иесі әрі президенті ресейлік Дмитрий Рыболовлев деген адам. Клубтың 66,7%-ы осы кісіге тиесілі. Оның үстіне бұл командада Ресей футболының қазіргі жарық жұлдызы Александр Головин доп тебеді. Мүмкін бұл жай сәйкестік шығар. Егер бұл сәйкестік болмай, әлдекім құрмында ресейлік ойыншы ойнағаны үшін «Монако» қазақстандық жанкүйерлерге өтімді деп ойласа қатты қателесіп жүр...

Отандық жалғыз спорттық арнаның ресейлік спортшылар мен ресейлік командаларға өзге шетелмен салыстырғанда басымдылық беретінін бірінші рет байқап отырған жоқпыз.

Мәселен, 2018 жылы көктемде (15 наурыз) футболдан Еуропа лигасының 1/8 финалы аясындағы қарымта кездесулерді көрсету барысында үлкен дау туғаны есімізде. Еуропа лигасының ережесіне сай, бұл кезеңдегі 8 матчтың барлығы бір күнде өтеді. Ал Qazsport телеарнасы сол күні үш бірдей матчты тікелей эфирде көрсетті. Бір қызығы, үшеуі де ресейлік командалардың қатысуымен өтетін ойындар (Зенит, Локомотив, ЦСКА). Дәл сол күні Англияның, Италияның, Германияның алпауыт командалары ойнайтынына қарамастан, Ресейдің командаларын таңдады. 

Екінші мәселе, Qazsport еліміз спортшылары қатысқан ірі жарыстарды тікелей эфирде көрсете алмайтындығымен де жиі сынға ұшырайды. Спортшыларымыз жүлде алған қаншама халықаралық турнирлер тікелей эфирден тыс қалды. Qazsport-тан қайыр болмаған соң жанкүйер қауым амалысыз шетелдің спорттық арналарын сатып алып, көріп жүр.

Еліміз спортшылары биыл жыл басынан бері көптеген ірі жарыстарға қатысты. Мәселен, бокстан Таиландта өткен Азия чемпионаты, Қытайдың Нинбо қаласында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты, Қытайдың Сиянь қаласында Күрес түрлерінен Азия чемпионаты, Дохада өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты, Ташкентте өткен Көркем гимнастикадан әлем кубогы, Қытайдың Нинбо қаласында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты. Бірақ, біздің Qazsport осының бірде-бірін көрсеткен жоқ.

Бұлар шетелде өткен жарыстар десе, биыл сәуір айында Алматыда футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының Төрттік финалы өтті. Төрттік финал Еуропа футзалының ең шоқтығы биік турнирі. Бұл жарысқа Еуропаның ең мықты деген төрт командасы ғана қатысады. Биыл Алматы төрінде қазақ футзалының мақтанышы «Қайраттан» бөлек, «Спортинг» (Португалия), «Интер» (Испания), «Барселона» (Испания) командалары өнер көрсетеді. Qazsport өз үйімізде өтіп жатқан осы жарысты да көрермен назарына ұсынған жоқ. Қайта «Хабар» телеарнасы қазақ жанкүйерлеріне үлкен сый жасап, осы турнирді тікелей эфирге шығарды.

Көңілге көлеңке түсірген тағы бір мәселені айтайық. Бұл күні кеше орын алған келеңсіздік. Елордамызда 14-22 қыркүйек аралығында күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионаты өтті. Өз салмағында үздік шыққан алты балуан 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алмақ. Обалы нешік, Qazsport бұл жарысты көрсетті (өз жерімізде өткен әлем чемпионатын көрсетпесе болмас).

Бірақ 20 қыркүйек күні жүрісінен жаңылды. Ол күні боз кілемге еркін күрес шеберлері шыққан. Кешкі сессияда қазақ балуандары үшін аса маңызды кездесулер өтті. Атап айтқанда, Нұрислам Санаев (57 келі) қола медальге, Дәулет Ниязбеков (65 келі) алтын медальге таласты. Бұл екі кездесу де жергілікті уақыт 19:30-дан кейін өтті. 18:00-де басталған кешкі сессияны көрсетіп отырған Qazsport осындай жауапты сәтте (19:00-ден бастап) хоккейден «Барыс» - «Трактор» матчын көрсетіп кетті. Сөйтіп, теледидарға телмірген қалың көрермен Ниязбеков пен Санаевтың соңғы белдесуін көре алған жоқ.

Күрес ғана емес 20 қыркүйек күні бокстан әлем чемпионатының да жартылай финалдық кездесулері өтіп жатқан. Сағат 20:00-де басталған кешкі сессияда үш боксшымыз финалға шығу үшін жан салып жатты. Ал Qazsport эфирінде жаңа маусымды енді бастаған, маңыздылығы төмен «Барыстың» ойыны.

Бокс. Жартылай финалдық кездесулер, кешкі сессия (20:00):

69 келі: Абылайхан Жүсіпов - Андрей Замковой (Ресей)
81 келі: Бекзат Нұрдәулетов - Хулио Сезар Ла Круз (Куба)
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев -Джастис Хуни (Австралия)

Әлем чемпионатының финалында қос балуанымыз белдесіп жатса; үш боксшымыз әлем чемпионы атану үшін барын салып жатса, елдегі жалғыз спорттық арна трансляцияны орта жолдан үзіп, түк маңызы жоқ хоккейге кезек берді. Хоккей аяқталған соң, Qazsport күрес пен бокстың қайталауын көрсетті. Соған қарағанда, Qazsport басшылары үшін әлем чемпионатына қарағанда күнде болып жатқан хоккей маңызды секілді.

Біздің бұл сөзімізді арна басшысы Павел Цыбулиннің өзі растайды. Павел Валерьевич бір сұхбатында бұны қадап тұрып айтқан.

- ҚХЛ плей-офф кезеңіндегі «Барыс» матчтарының трансляциясы маңызды екенін ескеру қажет. Хоккей тартыстарының барлығы тікелей эфирде таратылады, бұл тіпті, талқыға да салынбайды. «Барыс» және оның жанкүйерлері үшін біз барлық чемпионаттарды таратуға дайынбыз, - дейді Цыбулин.

Міне осы ұстанымына берік тұрған Цыбулин мырза әлем чемпионатына қатысып жатқан балуандарымыз бен боксшыларымызды "лақтыра" салды. Арна басшылары білмесе біз айтайық, қазақ жанкүйерлері үшін ең қызықты спорт түрлері бокс, күрес және ауыр атлетика. Еліміз спортшыларының оң жамбасына келетін спорт түрелрі де осылар. Ал хоккейді телеарна басышалары жақсы көреді екен деп тұтас көрерменге тықпалауға болмас...

Біз бұл сөздерді телеарна басшылары назарға алады деп жазып отырмыз. Арна басшылары өз қалаулары бойынша емес, қайта жанкүйер талабына сай трансляциялар жасаса дейміз.

Қуаныш Қаппас