Қанат Ислам: «Канеломен» 12 раунд жұдырықтасуға дайынмын

Жеңіліс дәмін татпаған қазақ боксшысы Қанат Ислам Алматы төрінде намибиялық Уолтер Каутондоквамен жекпе-жек өткізеді. Осы орайда Qazaq лақап атымен танымал боксшы жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

«Бәрі сен тұр, мен атайын деген жігіттер»

Дайындығым тамаша. Ертең керемет бокс кеші болады. Менімен бірге шаршы алаңға артымнан ерген 9 інім шығады. Бәрі сен тұр, мен атайын деген жігіттер.

«Соңғы гонг соғылғанша қырағы жүру қажет»

Қарсыласым өте тәжірибелі боксшы. WBO рейтингінде 9-шы орында тұр. Соңғы жекпе-жегінде әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасты. Тек оны емес, бірінші кезекте өзімнің дайындығыма баса назар аударғым келеді. Қалжыңдайтын нәрсе емес. Соңғы гонг соғылғанша қырағы жүру қажет. Дегенмен 12 раундтың барлығында жұдырықтасуға дайындығым жетеді деп айта аламын. 

«Спорт мектебін ашу жоспарда бар»

Жастарымыздың арақ пен темекіден аулақ болып, спортпен шұғылданғанын қалаймыз. Сол үшін спорт мектебін ашқымыз келеді. Денсаулығым жақсы болып, жағдайым жетсе бұған да жетеміз. Әр облыста 5 мың - 10 мыңнан балалар бокспен айналысады. Оның бір-екеуі ғана Олимпиадаға барады. Қалғаны не істейді? Qazaq Promotions-ке сұранып жатқандар көп. Күні кешеге дейін жекпе-жекке шыққым келеді деп хабарласқандар көп. Оның бәрін сыйғызу мүмкін. Дегенмен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын іріктеп, ертеңгі кешке шығарғалы отырмыз. Өзіміздің жігіттерді өзіміз көтермесек, сырттан келіп ешкім көтеріп бермейді. 

«Андрадені ұруға болады»

Әуесқой бокста 69-75 келі аралығында жұдырықтастым. «Астана Арланста» 73 келді жекпе-жектерімді өткіздім. Кәсіпқой келгелі 69,9 келіге ауыстым. Жақында 72,2 көтерілдім. Біздің салмақта Деметриус Андраде чемпион. Олимпиада жолымыз түйісу қажет болатын. Алайда ол жеңіліп қалды. Оның бокс стилі, шеберлігі, аяқпен жұмыс жасауы мықты болғанымен жойқын соққысы жоқ. Оның ұруға болады. 

«Қазақтың кез келгені боксшысы «Канеломен» жекпе-жек өткізуге дайын»

«Канелоны» айтып жатырмыз ғой. Бокста жүргенімізге біраз болды. Қазақ айтады ғой «Жығылсаң атаннан жығыл» деп. Оның төрт қолы, төрт аяғы жоқ. Тек бір-екі соққысын дөп дарытуы мүмкін. Мен емес, осы салмақтағы әр қазағым онымен 12 раунд бойы жұдырықтасуға дайын.

Көргендеріңіздей Сергей Деревянченконы жекпе-жекке дейін төмен санайтын еді. Геннадий Головкинмен кездескеннен соң өзінің деңгейінің қандай екенін дәлелдеді. Сорлы қазақтар өзімізді бағаламай, шетелді мықтылығын дәлелдегеннен соң ғана мойындады. Мен айта аламын, менің салмағымдағы барлық қазақ жігіттері «Канеломен» жекпе-жек өткізуге дайын.

«Арманым - әлемдік деңгейдегі боксшыларды дайындау»

Командамызда ниеттес жігіттер жиналған. QP командасын құрудағы мақсатымыз - өзіміздің жігіттерден әлемдік деңгейдегі боксшыларды дайындау. 

«Ер жігіт бір терінің ішінде семіріп толады да, арықтап солады да»

Ертең әлем чемпионы белбеуі үшін жекпе-жек өткізесің десе мен қазір-ақ дайынмын. Оның бәріне үлкен еңбек, қомақты қаражат қажет. Бүгін барып төр менікі, чемпиондық белбеуді маған бер деу дұрыс емес. Өткен жылы жарақат алып, рейтингіде түсіп қалдым. «Ер жігіт бір терінің ішінде семіріп толады да, арықтап солады да» дейді ғой. Барып тұрып артқа қайтып кеттік бекерден бекер. Бақ шаба ма, бап шаба ма дейді. Бұйырмай жатса бокстан кетіп қалмаймыз.