Қанатты сынау, қазақты сынау емес!

Төрт күннен бері қазақ боксшысы Қанат Исламның намибиялық Уолтер Каунтодоквамен жұдырықтасқаны туралы сан түрлі пікір оқыдық. Оқыған көңіл күпті болды.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген бар. Қанатты сынағандардың басы дауға қалып жатыр. Тіке өздеріне айтпаса да, әлеуметтік желілерде тұспалдап жеткізушілердің қарасы көп. Біздің бір байқағанымыз, халық арасында Қанат Исламды сынасаң сені жау көреді. Бұл бұрыннан қалыптасып қалған үрдіс десек, еш қателеспейміз.

Рас, Қанаттың PR жарнамасы бір кездері сұмдық жүрді. «Қазақтың Қанаты», «Қанат Қазақ» деп әспеттелді. Қанатты қазақтың боксшысы деп, басқаны өзектен тепкендей болдық. Ислам туралы сыни мақала, болмаса әлеуметтік желілерде оның бокстағы жолы туралы сын жазсаңыз, автоматты түрде негативті жауаптар қарша борайды.

Сөзімізге дәлел болсын, желідегі жазбалар мен пікірлерге тоқтала кетелік. 

Серік Пірназар, журналист: «Мен Қанат Исламның намибиялық боксшымен шайқасын екі рет қарап шықтым. Сонда келген тұжырымым: кейбіреулер қанша жерден күстəналап, кейіп жатса да, біздің батыр шынымен ұтқан екен. Рас, айқын басымдық, жарқын жеңіс жоқ, бірақ бəрібір бəрін екшелей келгенде, Қанатты ұтылды деуге мүлде болмайды, ол аздаған басымдық болса да, қарсыласынан артығырақ шыққан. Нокдауны тағы бар. Егер ұтыс əріптесіне берілгенде, нағыз əділетсіздік сонда болар еді.
Неге біз өзімізді өзіміз жүндеуге, өзімізді өзіміз табалауға соншалықты құмармыз? Қанат тарихи отанына сол үшін келді ме екен? Басқа түк болмағанда да, ол өзіміздің өзегіміз емес пе? Неге өзімізді жер ете беретін сорлап қалған халықпыз? Өзімізді өзіміз быт-шыт қылып жатқанда, басқа біреулер бізге жақсысын бере ме? Тіпті Қанат жеңіліп қалып жатса да, қазақтың алдында қандай кінəсі бар еді? Бізді онсыз да қорлап, тонап, ұрлап жатқандар аз ба еді, ағайын?! Біріккендерің осы ма? Басқасын айтпағанда, тап осы Қанаттан басқа қай боксшың тарыққан көп балалы анаға үй сатып алып беріп еді? Қайсысыңның қолыңнан осындай жомарттық келеді?
Ал керіартпалар қанша жерден іштері күйсе де айтайық: Қанатжан мына айқаста адал жеңіпті.
Өз пайымым».

Іш күйетіндей не болыпты? Жеңсе - өз боксшымыз, жеңілсе де! Ешкім өзектен теуіп отырған жоқ қой. Сын түзелмей, мін түзелмейді.  

Ал журналистің жазбасына Гүлзира Керімбекқызы деген адам радикалды пікір қалдырған: «Біздің сорлы қазақтар Қанатты сонша күндегені несі, сонда төрешілер дым білмейді де, біздің диван батырлар білгіш екен де.
Немесе тапсырыспен пост жазатын сатқындар, солар 30-дан аса сондай сатқын блогерсымақтар бар ғой».

Күндеу мен сынаудың аражігін ажырата алмағанға не деуге болады?

Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы: «ҚАНАТЫМ!Тырнағыңа тікен кірсе жан таппай кетесің... Сынған қолмен 4 раунд төбелескен ардағым-ай!Жараланған қолды қолтықтың түбінен шауып тастап,аяғы қақпанға түссе шайнап тастап кетіп майданға қайта кіретін ҰЛЫ БАҺАДҮРЛЕРДІҢ тұқымы!
Алға,БАУЫРЫМ!

Мен 2008 жылы Бейжің олимпиадасының төрінде қолаға барар жолдағы жекпе-жектеріңнің бәріне куә болғам. Өзгенің туының астында атой салып,дәл іргемізден рингке беттеп бара жатып Көк Туды желбіретіп отырған біз жаққа жасаураған жанарыңмен жалт қарап,қолыңды бізге қарай көтеріп қалған сәтті көріп жылағым келген... Сонда біздің топ "Сәрсекбаев!" деп спорт сарайын азан-қазан етіп жатқан. Кейін өз ұстазын,қолдаған азаматтарды абыройсыздыққа қалдырған Сәрсекбаев сенен садаға кетсін!

Рахмет,БАУЫРЫМ!Елге келдің!Көлденең кедергілерге қарамастан жаныңды жалау етіп жүріп ЖАЛАУЫМЫЗДЫ сан мәрте желбіреттің!
Бәрі үшін РАХМЕТ»

Жанарбек Әшімжанның жазбасына желі қолданушысы Нұрғали Әшір деген азамат тіпті былай деп  пікір жазыпты: «Болар елдің баласы бірін бірі батырым дер. Жанарбек бауырым Қанат ініңнің мерейін сендер сияқты ағалары қолдап қорғамаса , мынау бір шиебөрілер балақтан жармасып қояр емес. Сенің мына тебіренісің бәріне нүкте қойды. Рахмет. Алла разы болсын».

Сонда дейміз-ау сын айтуға құқығымыз жоқ па? Көпірте мақтай берсек, Қанат қайдан өседі? Шындығын айтқанда өсетін жері де қалмады боксшының. Енді қалған аз ғана спорттық ғұмырында Қанат Исламға абырой берсін деп тілейміз.