Қазақ шахматшысы қыздар және ұлдар арасында жүлде алды

Қазақстандық жас шахматшы Назерке Нұрғали Түркияның Чорум қаласында өткен 16 жасқа дейін жасөспірімдер арасында дүниежүзілік шахмат олимпиадасынан табысты оралды.

Дүбірлі бəсекеде ол қыздар және ұлдар арасында да сынға түсті. Нәтижесінде қыздар арасында күміс, ұлдар арасында қола жүлде жеңіп алды. Швейцар жүйесі бойынша өткізілген жарыста Назерке 8 ойыннан 6,5 ұпай жинады. Айта кетейік, жас шахматшы дүниежүзілік олимпиадаға алғаш рет қатысқанына қарамастан осындай толайым табысқа кенеліп отыр.

Жас шахматшы енді Павлодарда өтетін халықаралық турнирге облыс құрама командасымен бірге қатысады. Ол 17 қараша-1 желтоқсан аралығында өткізіледі.

Назерке Нұрғали шахматтан еліміздің спорт шебері, ФИДЕ-нің спорт шебері. Сондай-ақ, 10 дүркін Қазақстан, 2 дүркін әлем, 5 дүркін Азия чемпионы атанған.